Өткен жылы Қазақстаннан Тайландқа 55 мың турист барған. Корольдіктің Қазақстандағы елшісі Чатчаван Сакорнсиннің пікірінше тайландтықтар да Қазақстанға жиі келуі үшін мүмкіндіктер жасау қажет. Ол екі ел арасында болашақта логистикалық жолды дамытып, соның нәтижесінде осы елдер арасындағы туризмді дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ақтауда өткен тай тағамдарының екі күндік таныстырылымы аясында, Чатчаван Сакорнсин өзі де Rixos Water World қонақ үйінің аспаздарына шеберлік сабағын өткізген.
-Біз Маңғыстау аймағында осы тай тағамдары қаншалықты танымал екеніне көз жеткізгіміз келді. Мәзірге жылқы еті қосылған массами карриді де қостық. Мұндағы мақсат – екі елдің тағамдарын үйлестіру. Шеберлік сағаттарын Қазақстандағы резиденциядағы ең мықты деген аспаздарымыз өткізді. Елшіліктің жұмыскерлері де осы кештерді ұйымдастыруға көмектесті. Осы екі күндік кештің нәтижесі – елшілік пен Rixos Water World қонақ үйі арасында пайда болған серіктестік. Маңғыстау облысына сапардағы тағы бір мақсат – Қазақстан-Тайланд арасындағы логистикалық жолдарды дамыту үшін жаңа әлеуеттерді қарастыру. Себебі, менің ойымша, біздің ел туристерінің Қазақстанға келуі қиын екені жасырын емес. Біз тай тағамдарын, азық-түліктерін де Қазақстанға экспорттау үшін түрлі жолдарды қарастырғымыз келеді. Жалпы, жобалар жоспарда бар. Оның бәрі нақтыланған соң толық-қанды айтуға болады, - дейді Чатчаван Сакорнсин.
Елшінің айтуынша, оның назарына түскен ең бірінші дүние – ол маңғыстаулықтардың қонақжайлығы. Сондай-ақ оны аймақтың табиғаты да ерекше әсерге бөлеген.
-Маңғыстауға әлі де жол түссе екен деймін. Тіпті, осы аймақ тайландтықтар демалуға келетін орынға айналса екен деген тілегім де бар. Себебі, тай халқы салқын ауа райын ұнатады, ал қазір елімізде ыстық. Осындай кезеңде Маңғыстау табиғаты мен ауа райы тайландтықтар үшін таптырмас демалыс орнына айналуы мүмкін, - дейді Чатчаван Сакорнсин.