Түпқараған ауданы да су тасқыны салдарынан эвакуацияланған азаматтарды қабылдауға дайын. Қазір ауданда 11 мекенжай бойынша атыраулықтарды орналастыратын орын дайын тұр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Форт-Шевченко қаласы бойынша Е.Өмірбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі, Форт-Шевченко мектеп-лицейі, Ақшұқыр ауылында М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназия, Ақшұқыр мектеп-лицейі, Ақшұқыр мектеп-гимназиясы, Сайын Шапағатов ауылдық округінде Ғ.Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейі, Сайын Шапағатов мектеп-гимназиясы, Баутино ауылында Ж.Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясы, М.Горький атындағы мектеп-лицейі, Таушық ауылында Шахта жалпы білім беретін мектебі және Қызылөзен ауылында З.Баймырзаев атындағы жалпы білім беретін мектебіне орналастырылады.
Сонымен қатар Сайын Шапағатов ауылдық округінде жеке кәсіпкерлік нысан "Аура" демалыс орны да көрші облыс тұрғындарын қабылдауды бастады.
Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров штаб отырысында елді мекендердегі ахуалды жіті бақылауда ұстауды, азық-түлік, жанар-жағармай бағасының негізсіз өсіп кетпеуін қадағалауды ерекше атап өтті.
Содан кейін аудан әкімі "Аура" демалыс орнына эвакуацияланған адамдардың жағдайын сұрап, орналасқан жерімен танысты. Барынша жағдай жасап, көмек көрсетілетінін айтты.
Айта кетейік, ауданның белсенді азаматтары, кәсіпкерлері мен еріктілері және өзге де тұрғындар Атырау облысынан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетуге белсенді атсалысып жатыр.