Бүгін Мұнайлы ауданынан 6 үлкен жүк көлігі Құлсары қаласына жолға шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Елдің күші бірлікте» деп ұрандатқан Мұнайлы ауданының мәслихат депуттатары мен ерікті жастары су тасқынынан зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жіберді. Гуманитарлық көмектің ішіне азық - түлік қоры мен 20 шақты мал басы кіреді.
- Ел басына күн туғанда елге қызмет ердің парызы. Бүгін су тасқынынан зардап шеккен бауырларға, оларға қол ұшын созып жүрген азаматтарға, жалпы саны 15 мың адамға есептеп, ыстық тамақ жібердік. Аудан кәсіпкері тегін жүк көлігімен қамтамасыз етіп, өз үлесін қосып отыр. Бұндай шаралар әлі жалғасады. Қиын - қыстау заманда бір болуға әрдайым дайынбыз және барша азаматтарды бір болуға шақырамын,- деді аудандық Қоғамдық Кеңес төрағасы Дулат Шамшадинов.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданында су тасқынынан зардап шеккен өңір азаматтарын қабылдауға арналған эвакуациялық және гуманитарлық көмек пунктері ашылды. Қазіргі таңда барлық пункт белсенді жұмыс істеп тұр.