Өңірде қоршаған ортаға теріс әсер ететін, I санаттағы объектілерге жататын 80 оператор бар. Маңғыстау облысы бойынша барлық табиғат пайдаланушыларынан ластаушы заттардың шығарындылары өткен жылы 79 мың тоннаны құраған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы экология департаменті мамандарының айтуынша, өңірдегі ауаны негізгі ластаушы заттар - мұнай өндіретін аймаққа тән қондырғылар мен пештерде отынның жануы нәтижесінде пайда болатын азот және көміртегі оксиді.
Департамент жүргізген тексерістері барысында 36 заңбұзушылық анықталып, 21 мекемеге қоршаған ортаға зиян тигізгені үшін 141 155 165 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілген. Мамандар мұнай өндіру көлемінің артуы, ластаушы заттар шығарындыларының ұлғаюының негізгі себебі болып отырғанын айтады.
Айыппұл салынған мекемелердің бірі - «Buzachi Operating Ltd» мекемесін тексеру барысында ауаны ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кетуі байқалған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 328-бабының 1-тармағына сәйкес, 4 698 355 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілген. «Қаражанбасмұнайда» да осындай факті анықталып, нәтижесінде мекеме 6 093 406 теңге көлемінде айыппұл төлеген.
- Ақтау қаласы шегінде атмосфералық ауаға теріс әсер ететін мекемелер - ірі кәсіпорындар. "ҚазАзот" және "БК Caspi Bitum" мекемелері атмосфералық ауаның ластану фактілерін болдырмау және уақтылы анықтау үшін жаңа экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес автоматтандырылған мониторинг жүйесін қондыруда. Ол құрылғы атмосфералық ауаның жай-күйін және ластаушы заттардың концентрациясын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін болады, - дейді департамент мамандары.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысы табиғатты қорғау прокуратурасы және экология департаменті бірігіп, 13 мекемеге жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Оларға нұсқама енгізіліп, заңбұзушылықтарға қатысты 26 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде жалпы қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 220 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Ал, Ақтау қаласының аумағындағы атмосфералық ауаның жағдайын бақылау үшін 4 бекет орнатылған. Өлшеу жұмыстары 2 постта қолмен, 2 станцияда автоматты түрде жүргізілген. Ауаға таралып жатқан заттардың бойы 12 түрі анықталған. Олар - әр түрлі қалқымалы бөлшектер, күкірт диоксиді, көміртегі тотығы, азот диоксиді, азот оксиді, аммиак, күкіртті сутегі, күкірт қышқылы, озон және көмірсутектер.