Ақтаудың 16 шағынауданының көптеген тұрғыны тұрғын үйлердің жанына шлагбаум орнатуға наразы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қаладағы біраз тұрғын үй кешенінің кіреберісіне шлагбаум қойылған. Бұл бірінші қабаттарда орналасқан кәсіпкерлік нысандар мен тұрғындардың өздеріне де қолайсыздық тудырып отыр.
16 шағынауданның тұрғындары мен кәсіпкерлері шлагбаумдарды орнатуға қарсы. Қала әкімдігі кондоминиум қатысушыларының шлагбаум қоюына заң бойынша тыйым жоқ екенін айтады. Егер оны кондоминиум нысаны ретінде тіркелген көпқабатты үйдің тұрғындары орнатса, онда бұл олардың ортақ мүлкіне айналады.
«Тіркелген кондоминиум объектісі болып табылатын көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға бөлінген жер учаскесінің шегінде ғана шлагбаум орнатуға жол беріледі. ҚР Жер кодексінің 62-бабында ғимараттың іргетасынан тыс орналасқан жер учаскесін пайдалану тәртібі қоғамдық мүдделерді, санитарлық-гигиеналық, экологиялық өртке қарсы қала құрылысы нормаларын сақтау шартымен кондоминиум қатысушыларының келісімімен айқындалатынын көздейді. Сондай-ақ, ҚР ТЖ Министрінің "өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (21.02.2022 жылғы 164-тармақ №55) сәйкес ғимараттарға, құрылыстарға, ашық қоймаларға, сыртқы өрт сатыларына және өртке қарсы сумен жабдықтау көздеріне жолдар, өтпелер мен кіреберістер жарамды күйде ұсталуы және өрт техникасының өтуі үшін қолжетімді болуы, ал қыста қардан тазартылуы тиіс ", - деді Тұрғын үй инспекциясы.
Егер орнатылған шлагбаум барлық талапқа сәйкес келсе, онда мәселе осы тұрғын үй кешені иелерінің көпшілік даусымен шешілетінін нақтылады. Ал келіспеген жағдайда барлық мәселе сот арқылы шешіледі.