Маңғыстауда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арналған 672 тұрғын үй сатып алынады. Бұған «Самұрық Қазына» 10,9 млрд теңге бөледі. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нақтыласақ, Ақтау қаласынан 403 пәтер, Жаңаөзеннен 100 тұрғын үй, Мұнайлы ауданынан 121 пәтер, Қарақиядан 24 пәтер, Маңғыстау ауданынан 24 тұрғын үй сатып алынады. Сатып алынатын пәтердің орташа ауданы 60 шаршы метр болуы қажет. Ал рұқсат етілген максималды аудан – 80 шаршы метр.
«Сонымен қатар 2025 жылдың бюджетін енгізу барысында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар үшін республикалық бюджеттен 154 пәтер сатып алуға 2,1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтардың саны 10 пайызға азаяды», - деді Марина Альбекова.
Облыстық мәслихаттың сессиясына қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдегі тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін және сапасыз тұрғын үй құрылысына қатаң қадағалау жасалатынын атап өтті.
«Қазір облыста 25 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның ішінде 9 000 адам – әлеуметтік осал топ өкілдері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес үкімет республикалық бюджеттен қаржы бөлді. Сәйкесінше, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар облыста арнайы қабылданып жатқан шаралар мен қолдаудың нәтижесінде тұрғын үй салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әрине, көңіл көншітпейтін тұстары, атап айтқанда, тұрғын үй, архитектура талаптарына сай салынбаған құрылыс нысандары бар. Біз өкілеттілігіміздің аясында заңсыз құрылыс нысандарының алдын алып, талаптарды күшейтіп отырмыз. Осыған дейін соттың шешімімен 5 нысан сүріліп тасталды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта да заң аясында бұл жұмыстар жалғасады», – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ жиында су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін үлестіруде көзге түскен кезінде белсенді еңбек етіп, көмек көрсеткен еріктілерге, қоғам белсенділері мен депутаттарға Маңғыстау облысының «Құрмет грамотасы» және облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.