Бүгін Ақтауда Халықаралық жастар күніне орай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен және «Риза-ана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «№7 спикер» интеллектуал конференциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Конференцияда елімізге танымал тұлғалар сөз сөйлеп, аудиторияға жиналған жастар алдында өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Спикерлердің қатарында қаржы саласы бойынша эксперт Шолпан Түсіпбекова, қаржылық кеңесші Әсел Төлеуғалиева, IT сарапшы Тимур Бектұр, ҚР дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев, ақын Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Рахат Қосбармақ, Паралимпиада құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова, сондай-ақ Гарвард университетінің түлегі, "Mazmundama», «Coffee Book» кітап кафесі желісінің негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан болды.
«Риза-ана» қоғамдық қорының басшысы Айжамал Тілемісова үш жылдан бері осындай жобаларды ұйымдастырып келе жатқанын айтты.
«Бұл жобаға республикамызға танымал 7 спикер шақыртылды. Жастарымыз өзіне ой түйсін, білім, мотивация алсын, таным көзқарастарын жақсы жаққа өзгертсін деп осы жобаны ұйымдастырып отырмыз. Осы уақытқа дейін көптеген шараларды ұйымдастырып жүрміз. Бұл — қоғамдық қорымыз өткізіп отырған үшінші шара», - деді Айжамал Тілемісова.
«Mazmundama» қорының құрылтайшысы Шыңғыс Мұқанның пікірінше, осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы қажет.
«Бұл жерге өмірде аз-кем жетістікке жеткен, айтары бар азаматтарды шақырып жастарға үлгі болсын, өнеге болсын деп сөз беруде. Менің ойымша бұл өте қажетті іс-шара. Себебі жастық шақ — адамның ең жауапты кезеңі. Жас адам оқып, үйленіп, үй болып, жұмыс тауып үлгеруі керек. Осы әлеуметтік жауапкершілікті жастар қаншалықты абыроймен атқарса, одан кейінгі өмірі соған тікелей байланысты. Сондықтан жастарды жинап, айтары бар адамдар өз ойларын ортаға салып жатса бұл керемет емес пе? Сондықтан, мұндай іс-шаралар тек Ақтауда ғана емес, аудандарда, тіпті ауылдарда өткізілуі қажет», - деді Шыңғыс Мұқан.