Бұл туралы Маңғыстау облысының жаңадан тағайындалған әкімі Нұрдәулет Қилыбай Massaget.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Облыс әкімі болып тағайындалғаныңызды қалай, қашан білдіңіз?
«Облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезімде 16 мамырда кешке чатқа «ертең бәріңіз облыстық әкімшілікке жиналасыздар, жаңа әкімге дауыс бересіздер» деген хабарлама келді. Ойымызда ешнәрсе жоқ. Сол кезде мекемемізде келеңсіз жағдай болып қалып, сонымен арпалысып жүргенбіз. Жаңа әкімге дауыс беруге келсем, өз-өзіме дауыс беруге келіппін. Білген жоқпын, соңына дейін айтқан жоқ, құпия ұстады. Әрине, бұл, біріншіден, Президентіміздің сенімі. Үлкен жауапкершілік. Тағайындалған күні өзіміздің ағайындардың чатында ақсақалдар «сүйекке таңба түсіре көрме» деп бата ма, тапсырма ма, бұйрық па берді. Түсінген адамға ауыр сөздер. Халықтың да сенімі бар. Үміт артып отыр. Одан қалды үйдегі әке-шешем де күнде тілеуімізді тілеп отыр. Осы өңірдің тумасы болғаннан кейін ата-бабам осы жерде жатыр. Өзімнің де кіндік қаным осы жерде жатыр. Елге қызмет ету - үлкен бақыт. Әр жұмыстың қиыншылығы бар. Бірақ мына жерде масштаб бөлек, бір сала, бір бағыт емес, жалпы өңірдің экономикасының қай бағыты болса да менің мойнымда тұрған жүк. Жұмыс істеуге құштарлық, арманымыз, жоспарымыз бар», деп бөлісті Нұрдәулет Қилыбай.