Бүгін қоғам қайраткері Сайын Шапағатовтың зайыбы, Денсаулық сақтау саласының үздігі Фарида Иманқұлқызы 84 жасында өмірден озды. Маңғыстаулық делегация Фарида Иманқұлқызын Алматы қаласындағы шаңырағынан ақтық сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстаулық делегация марқұмның рухына бағышталған ас садақада сөз сөйлеп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жедел хатын жолдады.
Марқұм "Кеңсай-2” зиратханасына жерленді.
Айта кетейік, Фарида Иманқұлқызы 1940 жылы 16 сәуірде дүниеге келген. 1959-1965 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медициналық институтында бала дәрігері мамандығы бойынша білім алған. 1962 жылы Алматыда Сайын Шапағатовпен танысып, 1964 жылы Алматыда отбасы құрды. 1965-1995 жылдар аралығында Маңғыстаудағы жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы болған.
Сайын Нәдiрұлы мен Фарида Иманқұлқызы тарихта есімі, жасаған игi icтерi мен қоғамға қосқан зор үлесі ұрпақтан ұрпаққа үлгi болары сөзсіз.
Редакция марқұмның жақындары мен туған-туысына көңіл айтады.