"Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында Сайын Шапағатов ауылдық округінде асфальт жол төсеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төселетін жолдың жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда анықталған мердігер мекеме НШ Актау 4 жобамен жұмыс бастады. Жұмыс 2023 жылдың соңына дейін жалғасмақ.
Ауыл әкімі Сайран Қылыштың сөзінше, жобада қамтылатын көшелер тұрғындармен кездесулерде бірнеше рет айтылған.
“ 2023 жылы ауылымыздың Қарайшықов — KCOI, Қарайшықов — Бекенжанов, Тумышев — Бекенжанов, 4 және 5 кварталдардың 9-11-13 көшелеріне, 4-5-6 кварталдардың 0 көшесіне, 4 кварталдың ішкі көшелеріне және жаңа 6 квартал көшелеріне сметалық құжаттары жасақтап, "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында биыл жұмыстарды бастап кетті. Жалпы ауыл бойынша 20 км жол асфальтталады. Осы уақытқа дейін бұл жобада қамтылатын көшелер де тұрғындармен кездесулерде мәселе болып көтеріліп жүрді”, дейді С. Қылыш.
Қазіргі уақытта жолды күреу, тегістеу қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Кейін шебін төсеу жұмыстары жасалып, жол төселеді.