Маңғыстауда жыл басынан бері облыстық прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалпы білім беру мекемелерінің базасында 12 мыңға жуық адамды қамти отырып, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы барлығы 157 ата-аналар жиналысы өткізілген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының, ТЖД және ПД өкілдері айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алда 25 мамыр оқу жылының аяқталуына байланысты «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында мектеп бітірушілер іс-шарасы өтеді. Осыған орай, Маңғыстау облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық іс-шараларды қабылдайтынын айтты.
- Құрметті ата-аналар, бітіру кеші аяқталғаннан кейін іс-шараларды өз бетімен жалғастыруға болмайды. Біздің тәжірибемізде жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Сондықтан да барша ата-аналарға және түлектерге тәртіпті сақтауға шақырамыз!, - деді Бақытжан Берікбаев.
Брифинг барысында судағы қауіпсіздік жайында толық мәліметті Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов айтты.
- Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы мәслихатының және облыс әкімдігінің құқықтық актілерімен облыста шомылуға тыйым салынған 10 және рұқсат етілген 41 орын анықталды. Оның ішінде 10 коммуналдық жағажай. Алдағы шомылу маусымы, су айдындарындағы халықтың қауіпсіздігін Төтенше жағдайлар департаментінің төрт құтқару бөлімшесі қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар департаменті Маңғыстау облысының тұрғындарына, әсіресе ата-аналар мен түлектерді судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Сонымен қатар 25 мамыр күні Департаменттің аумақтық бөлімшелері және жедел құтқару жасағымен теңіз жағалауында 5 мобильді бекет кезекшілік атқарады,- деді Бектас Мұратов.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова мектеп бітірушілер үшін іс-шараларды міндетті түрде мектеп қабырғасында және алаңында өткізу міндеттелетінін айтты.
- Білім басқармасы тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бақылау мен басшылық жасалады. Ата-аналармен мектеп әкімшілігіне мерекелік іс-шараларға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойына экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейді, - деді Айжақсы Тұржанова.