...Әлқисса, ертеден жеткен аңыз бойынша Адай жылқысы теңізден шыққан көксуынның тұқымы. Оның мініске төзімділігі мен көк түсті боп келуі араб тұқымды жылқыларға ұқсайтынын, ал жүйріктігі мен жүрдектігі жағынан түрікмен жылқысы Ахалтекенің белгілері бары айтылады.
Қазақтың көрнекті қаламгері, сұңғыл суреткері, ақын Есенғали Раушановтың ел ақсақалдарының аузынан «Көкмойнақтың үйірі» жырын естіп, хат-қағазға түсірген. Бұл жырда 1932-37 жылдардағы зобалаң уақыттың, саяси қуғын-сүргін тұсындағы жергілікті Адай халқының тауқыметті тағдыры суреттеледі. Міне, сол себепті «Көкмойнақтың үйірі» жырының екінші аты – «Адай тағдыры».
Қазақ сахарасының бір шеті көне Құлзым болғанда, екінші бір шеті қарт Алтай. Сол Алтайды ен жайлаған, мамаға атын байлаған керей халқының туған мекенінен көшкенде шырқаған азалы жыры «Ағажай Алтайдай жер қайда» болғанда, адай жұртының қайғылы жыры – «Көкмойнақтың үйірі». Қос әнді тыңдап отырып, өткен ғасырдағы халқымыз бастан кешкен қасіретті оқиғаларды сезініп, еріксіз езілесіз. Адай жылқысы мен адай руы халқының тағдыр-талайы ұқсас, қуанышы мен жан-мұңы да егіз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Адай жылқысының табиғатын ғылыми түрде зерттеп, шын жүйрік екенін дәлелдеп, өзіндік мәртебесін беріп, ұлттық брендке айналдыруымыз қажет», - деген еді. Кейін ел басшысының тапсырмасы бойынша Адай жылқысы асыл тұқымды мәртебесін алып, қазақтың ұлттың бренді ретінде дүниежүзіне танылған болатын. 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне Маңғыстау облысы атынан қатысқан «Көкмойнақ» тобы додада жеңімпаз атанды. Сол «Көкмойнақ» тобы былтыр да мәреге бірінші келді. Бұл ақжолтай хабарға өңір жұрты қатты қуанды.
«Ұлы дала жорығы – 2024»
Жуырда 500 шақырымды құрайтын «Ұлы дала жорығы – 2024» марафон бәйгесінде Маңғыстау облысының атынан қатысқан «Көкмойнақ» тобы жүлделі екінші орында келді. Алдағы уақытта іріктеліп шыққан 3 облыстың жүйрік жылқылары 2-7 қыркүйек күндері өтетін «Ұлы дала көшпенділер ойыны» жарысына қатысады.
Павлодар-Астана қалалары арасында өткен марафон 500 шақырымды құрады. Бұл марафон бәйгеге 5 асылтұқымды адай жылқысы қатысты.
- Бұл – Адай жылқысы қатысып жатқан үшінші жорық. «Көкмойнақ» тобы 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығына» марафонына қатысып, Шағырай торы деген тұлпарымыз 1300 шақырымды бірінші болып өтіп, рекорд қойды. 2011 жылы 30 сәуірде Күзенбай Ерғалиев пен Түменбай Қалжанов атты өңір азаматтары Алматы қаласындағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу» институтының профессоры Григорий Сезоновқа өтініш тастап, сол ғалымның басшылығымен Адай жылқысына сынақ жасалды. Мен сол жылы Жаңаөзен ұлттық ат спорт түрлері федерациясының басшысы едім. Сынақты ұйымдастыруға атсалысып, 11 атты жинап, соның ішінде алтауын таңдап, Ақбастау жеріне бардық. Ақбастауда тоқсан шақырымдық сынақ өтті. Сынақтан 1, 3, 4, 5 орындарды алдық. Міне осы кезден Адай жылқысының эпопеясы басталады. Одан кейін, Аққанат, Ойыл деген аттарымыз басқа қалаларда ұйымдастырылған бәйгеден жүлделі орын алып келе берді. Жыл сайын 4-5 рет ұзақ қашықтағы бәйгелерден орын алып жүрді. Ұзақ қашықтағы бәйгенің шақырымын жүйелеп, есептеп жүрген Сергей Михайлов Букеевич сынды кісілер бүкіл посткеңестік елдер көлемінде Адай жылқысын насихаттай бастады, - дейді ҚР Ат спорты федерациясының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Орынбасар Құлбеков.
Адай жылқысы әлемдік додада
Адай жылқысы 2014 жылы Францияның Карен қаласында өткен әлем чемпионатына барған. Өкінішке қарай, бәйге алаңының жері тастақ болып, тұлпарлардың тұяғындағы тағасы ұшып, старттан шығып қалған.
- 2011 жылдан бері Адай жылқысы жайлы жүрекке ұялаған арман жетелеп, ат шабысын бөлек ұйымдастырып, көлікті сол жылқының бәйгесіне тігіп, насихаттап жүрдік. 2018 жылы Қанағат Сүйебаев деген азамат: «Жұрттар ағылшын, араб жылқысын айтып жүрсе, сен Адай жылқысының насихатын үзбей жасап жүресің. Осыны ары қарай сен дамытып, жұмыстарын жүргізсең қайтеді?» - деп Адай жылқысының құжатын маған берді. 2018 жылы Адай жылқысын Қырғызстанда өткен «Көшпенділер ойыны» бәйгесіне алып бардым. Өлкемізге танымал етбегі Бұғабай Мұқырбаевтың баласы, шабандоз Бектас Мұқырбаев деген баласын өзім қаражат бөліп, арнайы алып бардым, - дейді Орынбасар Құлбеков.
2023 жылы 3-4 қараша күндері өткен халықаралық дәрежедегі 100 шақырымдық Маңғыстау облысы әкімінің кубогына 31 Адай жылқысы қатысып, 13 ат жүлделі орын алған. Қысқа уақыт арасындағы дайындықта Адай жылқысы өзінің төзімділігін дәлелдеген. «Асылтұқымды адай жылқысы – ұлттық бренд» мәртебесін тағайындайтын комиссия мүшелері 5-12 желтоқсан аралығында Маңғыстауға келіп, тексеру жұмыстарын өткізген. Нәтижесінде, 29 желтоқсан күні патент берілген. Көппен көрген ұлы той демекші, осы жаңалыққа өңір жұртының бек қуанғаны жасырын емес. Ал қаңтар айында асыл тұқымды Адай жылқысы ассоциациясы құрылған.
- Биыл облыс әкімі мен мәслихат депутаттарының құптауымен қаржы бөлініп, екі 100 шақырымдық, бір 120 шақырымдық ат бәйгесін өткіземіз деп жоспарлап едік. Өкінішке қарай, көрші өңірлердегі су тасқынына байланысты белгіленген жарысымыз кейінге шегерілді. Бұйырса, бұл бәйгелер тамыз айында өтеді деп отырмыз, - деді Орынбасар Құлбеков.
Адай жылқысы асылдандырылады
Өңірлік Ат спорты федерациясы басшысының сөзінше, Адай жылқысының аты мұқым әлемге танылып, сол деңгейдегі додаларға қатысуы үшін екі мәрте 100 шақырымдық, екі мәрте 120 шақырымдық, тағы екі мәрте 160 шақырымдық қашықты шауып өтуі қажет.
- Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай жоспарларымызды қолдап, ісімізді ары қарай жалғастырса, федерациядағы атбегілер мен сейістеріміз дайын. Сергей Михайлов Бекеевич, Дәурен Сыдықов, Жасұлан Қожанов, Жаңбырбай Дәрменов секілді жігіттермен Адай жылқысының тұқымын асылдандыра түсу үшін бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Бұл бағдарламамызды облыс әкімінің алдында көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз, - деді ҚР Ат спорты федерациясының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Орынбасар Құлбеков.
Әгәрәки Адай жылқысы осы сын-сынақтар мен додалардан сәтті өтсе, алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылуы бек мүмкін. Адай жылқысының аты мен атағы әлемге танылып, «Ақалтеке», «Араб», «Ағылшын» сықылды басқа да асылтұқымды әлем жылқыларының қатарынан орын алуға лайықты деп білеміз. Адай жылқысы – халқымыздың әдебиетіне арқау болар аяулы тақырып, құнды мәдениетіміз.
P.S Осы орайда асыл тұқымды Адай жылқысының ерекшелігі туралы өңірімізге белгілі атбегілер Бұғабай Мұқырбаев, Әлеке Бөлтековпен сұхбаттасып едік. Сол сұхбатымыздың сілтемесіне өтіп, хабарамызды көре аласыз: