Ақтауда қала тұрғындары мен қонақтары шаһардың әсем жерлерін екі қабатты автобус арқылы аралап көре алады, - деп хабарлайды mangystaumdia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл автобус қаланың туристік әлеуетін дамыту үшін 2021 жылы іске қосылған. Ақтауға келген қонақтар қаланы аралау үшін көбіне аталған автобусты таңдайды.
"Ақтау қаласы - Каспий теңізінің жағалауында орналасқан туристік қала. Ақтау қаласының туристік әлеуетін дамыту бағытында көптеген жұмыстар жасалуда. Былтыр Ақтау қаласына 346 228 адамды турист келген. Оның 306 599-і қазақстандық болса, ал 39 629 адам - шетелден келді. Ал әуе қатынасы бойынша аптасына Ақтау қаласынан 23 халықаралық және 8 ішкі бағыт ұшады", - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Оспан Нысан.
«Каспий Авто Парк» директорының орынбасары Жәнібек Миралиевтың айтуынша, тұрғындар мен қонақтарға арналған екі қабатты автобус қаланың орталық көшелерімен және Каспий теңізін жағалай жүреді. Сапар барысында саяхатшылар Ақтаудың визит карточкасына айналған «Маяк» шамшырағы сынды тарихи нысандарды тамашалай алады.
-Жаз айларында екі қабатты автобус күнделікті сағат 20:00-02:00 аралығында жүреді. Қоғамдық көлік «Астана» сауда орталығынан бастап жарты сағат көлемінде қаланың орталық көшелерімен жүреді. Қала тұрғындары мен қонақтары екі қабатты автобуспен Ақтаудың көрікті жерлерін тамашалай алады, - деді «Каспий Авто Парк» директорының орынбасары Жәнібек Миралиев.
Екі қабатты автобус туралы тұрғындар өз ойын жеткізді.
"Ақтау - жастардың қаласы. Аталған автобуспен түнгі қаланы тамашалай аламыз. Қонақтарымыз келсе, ақмаржан Ақтау қаласының көрікті жерлерін көрсетеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деді Ақтау қаласының тұрғыны Орынбике Тәженова.
Ақпарат үшін: Екі қабатты қызыл автобус ең алғаш рет Лондон қаласында 1847 жылы қатынап бастаған. Аталған автобус «Routemaster» деп аталады екен. Ал автобустың қызыл түсті болуы кездейсоқ жәйт емес. Ол Лондонның тұманды ауа райында назардан шет қалмауы үшін әдейі таңдалған.