Ақтаудан Парижге дейін велосипедпен барған маңғыстаулық Рәббім Борашевты Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің өкілдері күтіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған орай Рәббім Борашев пен оның жұбайына Париждегі Триумф аркада салтанатты кездесу рәсімі ұйымдастырылды. Маңғыстаулық 64 жастағы жиһанкез өзінің саяхатын мамыр айында бастап, 25 шілде күні Олимпиада ойындары қарсаңында Парижге аман жетті.
Аталған іс-шараға Францияда тұратын, Қазақстаннан келген туристер, сондай-ақ, қазақ диаспорасының өкілдері мен француз азаматтары қатысты.
Сондай-ақ, жиһанкезді Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен елшілікке келген туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қарсы алып, алғысын білдірді.
Өз кезегінде жерлесіміз веложарыс, жеті елдің дәстүрлері мен тұрмысы туралы жарқын әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ Раббим Борашев Қазақстанды өзгелерге таныстырды.
Жиһанкез 5 мың шақырымды еңсере отырып, теңіз арқылы Бакуге жетіп, одан ары Тбилиси-Анкара-София-Белград-Будапешт-Вена-Мюнхен-Париж арқылы жүріп өткен. Ол қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында халықаралық спорттық іс-шара кезінде Парижге бару туралы өзінің көптен бергі арманын орындаған.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты 26 шілдеде өтеді. 11 тамызға дейін жалғасатын төртжылдықтың бас ойындарына елімізден сексеннен астам спортшы бақ сынайды.