Қабылдауға Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, қаланың саяси, академиялық, іскерлік қоғамдастықтарының жетекшілері, азаматтық белсенділер мен ғылыми топтардың өкілдері, сондай-ақ Маңғыстау облысында оқып, жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтары шақырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Елші Саидикрам Ниязходжаев пен Бас консул Атабек Тұрсынбеков құттықтау сөз сөйледі. Олар қонақтарды Өзбекстанның соңғы жылдардағы жетістіктерімен таныстырды, Жаңа Өзбекстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуы, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары туралы әңгімеледі.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов өз сөзінде жиынға қатысушыларды және бүкіл Өзбекстан халқын Тәуелсіздіктің 32 жылдығымен құттықтап, Өзбекстанның өңдеу өнеркәсібінің соңғы жылдардағы бірегей дамуын және қазақ-өзбек саудасының жоғары көрсеткіштері мен экономикалық қатынастарын атап өтті.
Қабылдаудан соң қонақтар өзбек тағамдарынан дәм татты, сонымен қатар мерекенің басты тағамы – палаудан ауыз тиді.
Кештің көркін Өзбекстан және Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі Махсет Өтемұратов пен «Айша қыз» ансамблінің би тобы өздерінің жарқын өнерлерімен қыздырды.