Маңғыстауда Отпан тауда «Амал - алашқа ортақ мереке» мерекелік шарасына елімізден бөлек бірнеше мемлекеттен құрметті қонақтар келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға Өзбекстан Республикасы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің көркем өнер кафедрасының басшысы Саламат Аяпов, Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет саласының қызметкері, жыршы, өнер саласының магистры Махаммад Эшбоев, Түркия Республикасы «Қырғыз, Түрік, Манас» университетінің оқытушысы, профессор Ирфан Гөрдал келді.
Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жеңіл атлетикадан КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин шараға құрметті қонақ ретінде қатысады. Бұдан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент және облыстардың Ақсақалдар кеңесі төрағалары да арнайы келіп отыр.
Қазіргі уақытта "Адай ата - Отпан тау" рухани-тарихи мәдени кешені аумағында елуге жуық киіз үй тігіліп, мерекелік шараны тамашалауға келген елдің қарасы мол. Ауа райының өте қолайлы болуы да мерекенің ерекше көңіл күйде өтуіне септігін тигізіп отыр. Бүгін мерекелік шара барысында ұлттық спорттық ойындар жарысы, "Ақсарай" музей кешенімен танысу, "Қарашаңырақ" алаңындағы сахнада Маңғыстау ауданы көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасы мен ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның ән кеші өтеді.
Кешкі сағат 19:00-де Бірлік отын жағу рәсімі өтеді.