Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің төрағалығымен шаһардың туристік әлеуетін дамыту мәселесі талқыланды. Жиында теңіз деңгейін тереңдету, қайықтардың орналасуы, теңіз жағалауындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында кәсіпкерлер теңіз жағалауында қайықтардың орналасуына арналған айлақты құру, теңіз деңгейін тереңдету мәселесін қозғады. «Бриз» қайық клубы қоғамдық бірлестігінің өкілі Алексей Оськин теңіздің тартылуы үлкен мәселе туғызып отырғанын айтты. Сондықтан теңізді тереңдету жұмыстарының маңыздылығын түсіндірді.
-Бүгінде теңіз тартылуына байланысты қайықтарымызды дұрыс тіркей алмаймыз. Қазіргі таңда қайықтарды тіркейтін айлағымыз жөнделіп жатыр. Дегенмен оның орнын ауыстыру керек. Сондықтан теңізді тереңдету жұмыстарын жүргізу өте маңызды, - деді «Бриз» қайық клубы қоғамдық бірлестігінің өкілі Алексей Оськин.
Қала әкімі аталған мәселені уәкілетті органдар осы қызметтерді көрсететін қауымдастықтармен және кәсіпкерлермен бірлесіп шешуі керектігін айтты.
-Жергілікті атқарушы орган ретінде біз Ақтау қаласының туристік әлеуетін дамытуымыз керек. Бірақ қала тұрғындары мен қонақтарының теңіз жағалауындағы қауіпсіздігін де қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған байланысты, туристік базаны кеңейтуге және теңіз жағалауында сапалы, әрі қауіпсіз қызметтерді ұсыну үшін теңіз деңгейін тереңдету мәселесін қарастырғанымыз жөн. Аталған мәселені уәкілетті органдар осы қызметтерді көрсететін қауымдастықтармен және кәсіпкерлермен бірлесіп шешуі қажет. Бұл міндетті түрде заң тұрғысынан пысықталғаны жөн. Сонымен қатар қоғамдық бірлестік пен жеке кәсіпкерлер қайықтар жүзетін теңіз жағалауындағы аумақтың тазалығын сақтаңыздар, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.