Отпан тарихи-мәдени кешеніндегі «Амал – Алашқа ортақ мереке» атты мәдени-спорттық шара бүгін де жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау халқы 14-наурызды күн мен түннің теңелуінің алдындағы үлкен мереке мен жылдың басы деп есептейді. Бұл күні адамдар бұрынғы өкпе-назын ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілеп, бір жасымен құттықтайды.
Осы ретте облыс әкімі маңғыстаулықтарды Амал мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
- Баршаңызды бірлік пен ізгіліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне айналған Амал мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Көктемгі жаңарудың, мейірімділік пен татулықтың белгісіне айналған Амал мейрамында айтылған ақжарма тілектер қабыл болсын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Амалдан амалға аман-есен жетуге жазсын, ардақты ағайын!, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Көрісу күні Отпан тарихи-мәдени кешеніндегі «Қарашаңырақ» алаңының сахнасында Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Жаңаөзен қаласынан келген өнерпаздар ән шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек қазақ күресі, түйе палуан секілді ұлттық спорт түрлері мен «Сәлем сөздің атасы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Амал мерекесіне арнайы көршілес мемлекеттер мен басқа өңірлерден келген қонақтарға киелі қара қазаннан наурыз көже дәмін тату бұйырды. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» рәсімінде беделді, белгілі кісілер сәбилердің тұсауын кесті.
Шара соңында Мұңал ата ұрпақтары «Бірлік отын» Қосай ата ұрпақтарына табыстады.
- Амал мерекесін тойлау дәстүрін болашақ ұрпақтарымыз жалғастыратынына сеніміз кәміл. Ата-бабамыздан жалғасқан бұл мерекені әлі күнге дейін ұлықтап, атап өтеміз. Бірлік пен татуылыққа шақырудың көрінісіндей болған Амал мерекесі – жаңа жыл мен үлкен мерекенің басы, - дейді Қосай ата ұрпақтары.