Мұңал ата ұрпақтары ұйымдастырған «Қазақтың Амалы - Бірліктің қамалы» мерекесі аясында аламан бәйге мен құмай тазы жарыстыру сайыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Аламан бәйгеге 37 шабандоз қатысып, шабандоздар бас жүлде үшін өзара қызу таласқа түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданының атынан келген Аман Жұмамұратов «Дау Күрең» жылқысымен бірінші орынды иеленді. Мәреге екінші болып Ақтау қаласының атынан қатысқан Аңшыбаевтар әулетінің «Мустанг» тұлпары тұрақтады. Ал «қола» жүлде Оралдың шабандозы Шангерей Мұхамеджанға бұйырды, оның Селбиясы медаль аймағына кіруге мүмкіндік берді.
Аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөлік табысталды, екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше 3 және 1,5 млн теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Құмай тазы жарыстыру сайысына Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен жиналған 25 тазы қатысты. Нәтижесінде 8 құмай тазы іріктеліп алынды. Олар жемді қуып, мәреге дейінгі қашықтықты жүріп өтуі керек еді. Нәтижесінде бірінші орынды Ақтау қаласынан, Таймас атты тазысымен Дінмұхаммед Бақтыбай ие болды. Екінші орынды Ақшұқыр ауылының тұрғыны Есмұрат Сүйеубергенов найзағайдай жылдам «Құмай» атты тазысымен жеңіп алды. Ал үшінші орынды «Барон» атты тазысымен Өмірзақ ауылының тұрғыны Сержан Нұриев иемденді.
Сонымен қатар, мереке аясында 21 шақырым қашықтыққа ат жарысы өтті. Жарысқа 15 шабандоз қатысты. Бас жүлдені Есенғали Сүйіндіков, екінші орынды Асхат Телеугусов, ал тұғырдың үшінші сатысын Ералы Ибасов жеңіп алды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Бірінші орын үшін - 3 млн теңге, екінші орын үшін - 1 млн теңге, үшінші орын үшін - 500 мың теңге.