Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылында облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдында жылдық есеп беру кездесуі өтті. Жиында тұрғындар балалар үшін қауіпті каналды қоршауды сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев, қалалық мәслихаттың төрағасы Сембіғали Зәкенов, Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев, бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Жиында тұрғындар «Ақ желкен» тұрғын-үй массивін ортасынан бөліп тұрған каналдың абаттандыру мәселесін қозғады. Тұрғындардың айтуынша, бұл канал балалар үшін қауіпті.
-Бұл канал бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Қоршау салу керек. Канал қашан жөнделеді?, - деді ауыл тұрғыны.
Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев аталған каналды абаттандыру бойынша сметасы ұсынылатынын айтты.
-Каналдың белгілі бір аумағында кеспе тастар(брусчатка), жарық шамдар, орындықтар, балалар ойын алаңы мен көпір салсақ деген ойымыз бар. Каналды абаттандыру бойынша алдағы уақытта сметасы ұсынылады. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдайды деп есептеймін, - деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.
Сондай-ақ, жиында облыстық және қалалық депутаттар былтыр атқарылған жұмыстар бойынша сайлаушыларға есеп берді. 2023 жылы «Ақ желкен» тұрғын-үй массивінде 2 футбол және 2 воркаут алаңы салынды. Ал «Оймаша» тұрғын-үй массивінде 1 футбол мен 1 воркаут алаңы пайдалануға берілді.
-Қазіргі таңда Өмірзақ ауылының халық саны 8 мыңға жуықтады. Ауылда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Былтыр «Оймаша» тұрғын-үй массивінде спорт кешені ашылды. 2023 жылы «Рауан» тұрғын-үй массивінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тапсырысымен 300 орындық мектеп құрылысы басталды, - деді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Еркін Оңғалбаев.