2 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Андрей Лаврентьев бастаған Qarmet компаниясының делегациясымен кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, кездесу барысында екі тарап экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдде танытқан.
«Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті зор әлеует бар. Қазір Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қаламқас-теңіз», «Хазар», «Әуезов» және «Әл-Фараби» учаскелерінде жаңа кен орындарын барлау, теңіз кен орындарын игеру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық маңызы бар қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Екі халықаралық көлік дәлізі, Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын «ТРАСЕКА» және «Солтүстік-Оңтүстік» екі халықаралық көлік дәлізі облыс аумағы арқылы өтеді. Біз қолданыстағы заңнама аясында ынтымақтастыққа дайын екенімізді білдіреміз», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Qarmet компаниясының акционері Андрей Лаврентьев Qarmet-ті жаңғыртудың кешенді бағдарламасы Ақтаудағы зауытты қоса алғанда, компанияның барлық қолданыстағы активтеріне әсер ететінін атап өтті.
«Біз бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлымен кездесу аясында нақты перспективаларды талқыладық. Өнеркәсіптік нысан өңірдің индустриялық саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін ескере отырып, өндірісті одан әрі дамытуға деген ұмтылысты атап өтеміз. Ең әуелі, өндірілетін өнім номенклатурасы кеңейсе, бұл жұмыстың нәтижесі деуге болады. Өз кезегінде бұл жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, негізгі жаңа жобаларды жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Андрей Лаврентьев.