Бүгін, 15 шілде сенбі күні өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Каспий» су тұшыту зауытына арнайы барды. Нысанның қуаттылығын ұлғайту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Ақтауда «Каспий» тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін ұлғайту бойынша қосымша құрылғылардың құрылысы жүргізілуде. Зауыттың жалпы ауданы 7,5 га құрайды. Бүгінде оның 2 га аумағында екі қосымша құрылыс салынуда.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Мамандардың айтуы бойынша зауыт осы жылдың соңында іске қосылады.
-Өңіріміздегі ең өзекті мәселелердің бірі-ауыз су мәселесі. Осы мәселені шешу жолдарының бірі «Каспий» тұшыту зауытының қуаттылығын ұлғайту.
Жоба жаңа өндірістік цехтар салуды, инфрақұрылымды жаңартуды және суды тазарту мен сүзудің заманауи жүйелерін орнатуды көздейді,- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, «Каспий» су тұшыту зауытының қуаттылығын ұлғайту жобасының құны 18,1 млрд. теңгені құрайды. Осы мақсатта Үкімет тапсырмасымен республикалық бюджеттен арнайы 5,6 млрд теңге бөліну жоспарланған. Жоба аяқталған соң Маңғыстау облысындағы үш ауданда 180 мың адамды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.