Бүгін өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 5 қарашада өткен аудан әкімінің пилоттық сайлауы нәтижесінде халық сайлаған Бейнеу ауданының жаңа әкімі Рахымжан Шалбаевты аудан активіне таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудандық сайлау төрағасы Дәулет Сауырбаев сайлау қорытындыларын жариялап, жаңа аудан әкіміне тиісті куәлік табыстады.
Рахымжан Шалбаев Ш. Есенов атындағы Ақтау университетінің шет тілдері кафедрасын бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Бейнеу ауылының № 2 орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып бастаған. 2003- 2007 жылдары аралығында бас маман, жастар ісі, мәдениет және спорт бөлімдерінің басшысы, Бейнеу ауданы әкімнің орынбасары қызметтерін атқарды.
2007-2010 жылдары Бейнеу аудандық мәслихатының хатшысы. 2010-2015 жылдары «Нұр Отан» ХДП Ақтау қалалық филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары қызметінде болды. Ал 2015-2018 жылдары қазақша күрес және дзюдо бойынша Маңғыстау облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметіне бекітілді. 2018-2019 жылдары жеке секторда қызмет етті.
2019-2020 жылдары «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы болса, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болған.
Облыс әкімі Рахымжан Шалбаевтың жұмысына сәттілік тілеп, оның сайлаушылардың үмітін ақтайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.