Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының «Айжан әженің ертегілері» спектакль-трилогиясы бірнеше жылдан бері жас көрерменнің жүрегін жаулап қана қоймай, халықаралық фестивальдер мен байқаулардың қазылар алқасын да баурап алды. Ал енді бұл спектакльді елорданың кішкентай көрермендері Астанадағы Маңғыстау облысының күндері аясында тамашалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Айжан әженің ертегілері» спектаклінің бірінші бөлімінде сегіз кейіпкер бар, оның барлығын бір актриса Бану Тұстықбекова сомдайды. Бұл моно-спектакль деп аталады.
«Біз бұл спектакльді облысымыздың бүкіл ауданын, Қазақстанның бірнеше өңірінде сахналадық. Осы қойылыммен Қырғызстанда, Мәскеуде, Кишиневте, Астраханьда өткен фестивальдер мен конкурстарға қатыстық. Спектакльдің барлық жерде жақсы қабылдады. Көрермен әжесі отыратын әдемі жабдықталған киіз үйді көргенде, өз әжесін еске алады. Спектакльдің музыкасы да керемет, оны облыстық филармониядағы әріптестеріміз арнайы жазған», - дейді облыстық қуыршақ театрының жетекші актрисасы Бану Тұстықбекова.
Бұл қойылым мен қуыршақтарға көрермен қызығып жатыр.
«Барлығы келіп қуыршақтарды ұстап көріп, суретке де түсіп жатыр. Түркістан облысында бір топ неміс келіп, мұның бәрі неден жасалғанын сұрады. Мен оларға қуыршақтың бәрі де қой жүнінен жасалғанын айттым. Мұны естіген олар қатты таң қалды. Бұл моно-спектакльді мектепте немесе балабақшада қойсақ балалар әжесін құшақтап, жібергісі келмейді. Балаларға кешкісін ертегі айтып отыратын әженің жылылығы жетіспейтінін көруге болады. Өкінішке қарай, қазір ертегі айту мәдениеті жоғалған», - дейді актриса өкінішпен.
Барлық 8 рөлді бір сәтте ойнау өте қиын, актриса бұған ұзақ уақыт дайындалған. Ол диалог арасында дауысты бірден өзгерту оңай болмағанын айтады.
Бану Тұстықбекова еңбек сіңірген әртіс және мәдениет қайраткері, көптеген марапатқа ие. Бірақ ең маңызды сыйлық – балалардың қабылдауы.
«Егер сіз алғашқы бірнеше минутта баланы ұстай алмасаңыз, онда барлық көрерменді жоғалттым деп есептей беріңіз. Егер ол бірден көңіл аударса, оқиғаның өрбігеніне мән беріп отырады. Бізде «Маңғыстау аныздары» спектаклі бар – ол бір-бірін жақсы көретін қыз бен жігіт туралы. Бірақ олардың махаббатына кедергі келтіріп, ақыры олар қайтыс болады. Бұл спектакль үлкен балаларға арналған, бірақ бұл оларға қатты әсер ететені соншалық, олар жылап шығады. Ең бастысы-баланың жан дүниесіне қажетті деңгейде жеткізе алсақ – еңбектің ақталғаны», - дейді Бану Тұстықбекова.
Айта кетейік, «Айжан әженің ертегілері» спектаклі – бұл қуыршақ театрының бас режиссері, «Құрмет» орденінің иегері Надежда Насырованың осы актрисаға берген сыйы. Идея өздігінен пайда болып, пьеса да тез жазылған.
«Біз түскі ас кезінде сөйлесіп отырғанда «шаштараз» деген сөзді естіп қалдық. Мен оны бірден ойға орап алдым. Осылайша қазақтардың өмірі мен жүннің қалай қолданылатыны туралы әңгіме арқылы айтқым келді. Сол кезде мен қандай да бір себеппен бұл трилогия болатынын айттым, бірақ жалғасы қалай болатынын өзім де білмедім», - дейді Надежда Насырова.
Айжан әже жүнді қайдан алатыны, оны қалай өңдейтіні және одан не жасалатыны туралы кішкентай көрермендерге ақымақ Қозының оқиғасы арқылы әңгімелейді. Барлық үш спектакльді бір кейіпкер – Айжан әже біріктіреді. Трилогиядағы екінші спектакльді екі актер ойнайды. Ол «Жанданған ою-өрнек» деп аталады.
«Мен әртүрлі халықтардың ою-өрнегі қалай пайда болады деп ойладым. Өйткені ол ежелде табиғатты бақылағаннан кейін дамыды. Бану Тұстықбекова мен Айдана Ерғалиева ойнаған спектакльде көрші қыз Шұғыла Айжан әжесінен көмек сұрайды. Көрермен адамдар үшін қуаныш іздеуге шыққан бұл қыздың оқиғасын тамашалайды. Оқиғада күн бәріне ренжіп, шаңыраққа түспей қояды, ал адамдар зұлымға айналады», - деп толықтырды облыстық қуыршақ театрының бас режиссері.
Адамдарға қуаныш іздеп шаршаған қыз тынығып жатқанда түс көреді. Түс көрген сәті көлеңкелі театрда сахналанады. Жол-жөнекей ол мүйіз сұраған қозымен кездеседі, содан қошқар мүйіз ою-өрнегі пайда болады. Содан кейін адамдар күнмен достасып, күн шаңырақтан түскен ең қымбат қонақ болады. Адамдар оны кілемге кестелеп, киіз үйдің кіреберісіне іліп қояды. Спектакль соңында сахнадан сұр түс жоғалып, қазақ киіз үйінің элементі пайда болады.
«Қазақ киіз үйі қанық түске боялған. Қазақ киіз үйінің ЮНЕСКО-да аталуы бекер емес. Біз ою-өрнектердің пайда болу тарихын балаларға түсінікті тілде жеткізуге тырыстық», - дейді Надежда Насырова.
Айжан әжесінің ертегілерін аяқтайтын үшінші спектакль – «Дастархан». Мұндағы басты кейіпкерлер – немересі, әжесі және киіз үйдегі ыдыс-аяқ. Спектакль киіз үйге жыланның кіруінен басталады. Жылан өзінің орнына адамдардың жайғасқанына ашуланады. Содан кейін ол у шашып, адамдардан кек алмақ болады. Бұл кезде киіз үйде кебежедегі (сандық) ыдыс-аяқтан басқа ешкім болмайды. Жыланның әңгімесін кішкентай кесе естіп, кебеженің барлық «тұрғынына» хабарлайды.
«Содан кейін табақ пен астау өз үйін қалай қорғауды ойластырады. Олар өзара қайсысы басшы болатынын, кімге жыланнан құтылуды тапсыруға болатынын ойлай бастайды. Содан кейін олар ең маңыздысы қонақтарды қымыз немесе айранмен қарсы алатын тегене деп шешеді. Бірақ зұлым жылан бәріне қалай қарау керегін біліп, оларға тәкаппарлықты үйретеді. Мәселен, астауға оның ең әдемі екенін, оны ешкім бағаламайтынын айтады да, барлығы астауды ханымға тағзым еткендей құрметтеуі керек дейді. Тегенеге де дәл солай айтады. Ал торсықты ханның бас киіміне ұқсайды, сондықтан оны хан сияқты сыйлау керек екенін айтады», - дейді режиссер.
Нәтижесінде бәрі өте жақсы аяқталады. Спектакль барысында балалар кейіпкерлерге жанашырлық танытып, олармен бірге ашуланып, қуанып қана қоймай, қазақтың өмірімен де танысады.
Соңғы 15 жылда облыстық қуыршақ театры 20-дан астам халықаралық фестивальге қатысып, әрдайым Ақтауға марапатпен оралды. Әр уақытта театр режиссура, спектакль, әйел немесе еркек рөлдері, дәстүрлерді дамыту және сақтау үшін үздік болды.
«Біз спектакльдер қойған кезде оларды кассалық және фестивальдік қойылымдарға бөлеміз. Екеуі де біз үшін сәтті. Бірақ барлық дерлік спектакльдің негізі – ертегі. Өйткені, қандай бала ойыншықтарының сөйлеуін армандамайды? Қуыршақ театрында бұл мүмкін нәрсе. «Көрінбейтін» әртістер ағаш қуыршақты қалай жандандыруды және баланы ғажайыпқа сендіруді біледі. Бірақ бұл ғажайыпты шынымен жасау үшін бүкіл команда жұмыс істейді. Алдымен сіз ертегі таңдауды, сценарий жазуды шешіп, декорациялар мен қуыршақтарды өзіңіз жасауыңыз керек, және, әрине, оларды жандандыру маңызды. Айтпақшы, актерлерге драма театрына қарағанда қуыршақ театрында жұмыс істеу жүз есе қиынырақ. Қуыршақ театрында эмоцияларды өздері ғана емес, өз кейіпкерлері арқылы да жеткізуі керек», - дейді облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.
Махаббат Нұржанқызы