Жетібайлық Лаура Кузьмина – шағын кәсібін табысты жүргізіп, отбасы мүшелерін ортақ іске жұмылдырған көпбалалы ана. Ол жұбайымен бірлесе 2016 жылдан бері қағазға басып шығару құрылғылары арқылы ауыл халқына түрлі қызмет ұсынып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Лаура былтыр «Jas Project» жобасына өтінім қалдырып, мемлекеттен 1 миллион теңге грант жеңіп алған. Үкіметтен берілген демеу қаржыға кәсібін дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және аясын кеңейту мақсатында қосымша қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Лаура Кузьмина көпбалалы аналарға, жас отбасыларға, кәсібін жаңа бастағандарға мемлекеттен көмек көрсетіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
-Біз сияқты жас отбасыға, көп балалы аналарға қолдау білдірген мемлекетке алғысымды айтамын! Еңбек етуге ниетті жанға елімізде мүмкіндік мол. Тек сауатты болса болғаны. Бүгінде жолдасым екеуміз офисте отырып кез келген ауыл, қала бойынша тапсырыс қабылдаймыз, - деді Лаура Кузьмина.