Маңғыстаудың АҚШ-пен сыртқы сауда айналымы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында айтарлықтай өсіп, бес есеге артты. Бұл туралы Нұрлан Ноғаевтың Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Натан Розенблум бастаған делегациямен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тараптар экономикалық өркендеу, жасыл энергетика мүмкіндіктері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, Транскаспий көлік бағытын дамыту мен қолдауға байланысты мәселелерді талқылады.
АҚШ Маңғыстау облысының сыртқы сауда қатынастарында маңызды рөл атқарады. Соңғы жылда екі ел арасында тауар айналымының жалпы көлемінде өсім байқалады. Бұл көрсеткіш автомобиль бөлшектері, өнеркәсіпке арналған жабдықтар, тұрмыстық техника және ұялы телефон сияқты импорттық тауарларда көрінеді.
Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында американдықтардың қатысуымен 15 кәсіпорын тіркелген.
- Сіздерді киелі Маңғыстау жерінде көргенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі кездесу алдағы үлкен жобалардың басы болады деп сенеміз. Маңғыстау-елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын, теңіз арқылы бес елмен шектесетін, Қазақстандағы жетекші және маңызды өңірлерінің бірі. Маңғыстау облысының экономиканы дамытудағы басым бағыттары- мұнай-газ өндіру, мұнай сервисі, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және жаңартылатын энергетика болып табылады. Сонымен қатар, Маңғыстау Қазақстан мұнайының төрттен бірін өндіретін өнеркәсіптік аймақ. Жыл сайын өңірде 17 миллион тоннаға дейін мұнай өндіріледі, бұл Қазақстандағы барлық мұнайдың 20%-ын құрайды. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібі өңір экономикасындағы алдыңғы қатарда. Мұнда ЖӨӨ-нің жартысынан астамын және өнеркәсіп көлемінің 80% - дан астамын тау-кен өнеркәсібі құрайды. Қазіргі таңда, түйе шаруашылығы, жылыжай салу, балық және жоңышқа өсіру сияқты ауыл шаруашылығы салаларына назар аудара отырып, аймақтық экономикасын жаңа деңгейге көтеру басты назарда. Сөз соңында біз екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенімізді айтқым келеді. Маңғыстауға тағы да қош келдіңіз, - деді Нұрлан Ноғаев.
АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісінің төрағалығымен келген делегация мүшелерін өңірдің бірегей табиғи ресурстары, Каспий теңізінің орналасу жақындығы қызықтырған.
Сондай-ақ, Маңғыстау ландшафтының алуан түрлілігі мен осындағы жалпыұлттық маңызға ие киелі ескерткіштер таңдандырған. Айта кетейік, дәл осы артықшылықтарының арқасында Маңғыстау Қазақстандағы он негізігі туристік бағыттардың біріне кіреді.