Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданында орналасқан туристік және өнеркәсіптік нысандарды аралады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі алдымен «Алека» ЖШС су тұшыту қондырғыларының жұмыс барысымен танысты. Бұл қондырғы тәулігіне 600-800 текше метр су шығарады. Қазіргі таңда мамандар қондырғының қуатын тәулігіне 1200 текше метрге дейін арттыру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу аяқталған соң Сайын-Шапағатов ауылында тұратын мыңнан астам адам сумен қамтылады.
Сондай-ақ облыс әкімі Ақшұқыр ауылында орналасқан сыйымдылығы 600 текше метр су тарту құрылғысымен танысты. Бас мердігер - «Ер-Хан Құрылыс» ЖШС. Жобаның құны - 274 миллион теңге.
Облыс әкімінің жұмыс сапары одан әрі бассейн, демалыс бөлмелері мен тамақтану орындары бар Aura демалыс базасында жалғасты. Жобаның құны - 361 млн теңге. Аталған жоба аясында 162 уақытша және 14 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Нұрлан Ноғаев өңірдегі туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
- Жаңа туристік нысандарды құру өңірде туризмді дамытуға серпін болуы тиіс. Біздің аймақ еліміздегі турист ең көп келетін аймақтың бірі. Маңғыстау облысында туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау сервисті, келетін туристердің сапалы демалысын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ демалыс жағажайларында қауіпсіздік ережелерін сақтауға мұқият назар аударған жөн. Жыл басынан бері өлім-жітім жағдайлары тіркелді, оның ішінде балалар да бар. Осыған байланысты ата - ана балаларды назардан тыс қалдырмауы тиіс, ал туристік нысандардың иелері барлық қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауы керек, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысының туризм басқармасы 2023 жылдың соңына дейін екі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олар - «Гольф-клуб» көпфункционалды қонақ үй-туристік кешені мен «Town centre» көпфункционалды қонақ үй-туристік кешені сауда қатарлары.