18 желтоқсанда Маңғыстауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев адай тұқымды қазақ жылқысын асыл тұқымды ретінде тану мақсатында құрылған арнайы мемлекеттік комиссиямен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығымен құрылған арнайы мемлекеттік комиссия аймақтың барлық аудандарын аралап, 1400-ден астам Адай жылқысының деректерін жинады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді.
Содан кейін мемлекеттік комиссия осы тұқымның мәртебесі туралы патентті бекіту және алу үшін ауыл шаруашылығы министрлігіне және ҚР Әділет министрлігіне жіберілетін акт жасайды.
«Адай» тұқымы жылқыларына асыл тұқымды мал мәртебесін беру шеңберінде бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі, 2023 жылдың 4 қарашасында Кендірліде өткен халықаралық 100 шақырымға ұйымдастырылған ат жарысы. Онда халықаралық ат спорты федерациясының, оның ішінде БАӘ-нен келген алты төреші сәйгүліктерді бағалады.
Комиссия құрамына ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлар кірді. Сонымен қатар, комиссия жұмысына Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, ат спорты ассоциациясы мен федерациясының өкілдері қатысты.
- Бірнеше күн бойы біз ғылыми мақсатта Маңғыстау даласын араладық. Деректер жинау үшін 1400-ден астам жылқының өлшемдерін алу жұмыстарын біз халықаралық стандарттар мен ат спорты федерациясының критерийлеріне сәйкес арнайы құралдарды қолдандық. Біздің сапарымыз қатты аяз бен жел кезіне тура келді. Алайда соған қарамастан біз бұл жылқы тұқымының қаншалықты төзімді және қатал табиғи жағдайларға бейімделгенін байқадық, - деп атап өтті комиссия мүшесі Сейілхан Рахманов.
Кездесу барысында Нұрлан Ноғаев адай жылқыларының тұқымы халықтық селекцияның арқасында және сан ғасырлық табиғи іріктеудің нәтиежесінде болғанын атап өтіп, осы мәртебені алудың маңыздылығын айтты.
- Адай жылқы тұқымы Қазақстан аумағында ертеден қалыптасқан. Сан ғасырлар бойы қатаң климаттық жағдайлар мен көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамызға қызмет еткен бұл жануарлар табиғи сұрыптаудың негізінде қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз Адай жылқысына дербес жылқы тұқымы мәртебесін беру үшін бірлесіп үлкен жұмыс жасадық. Патент алу-бұл жұмыстың маңызды кезеңі, бірақ жұмыстың көп бөлігі әлі алда екенін түсіну маңызды. Барлық процестер халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес келуі керек. Бұл процеске фермерлер мен комиссия мүшелерінен бастап, федерация, қауымдастық және атқарушы органдардың өкілдері жауапты. Президенттің тапсырмасы бойынша біз адай тұқымды қазақ жылқысын Қазақстанның ұлттық брендіне айналдыруға тиіспіз. Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру, облыс үшін де жалпы еліміз үшін де бірқатар артықшылықтар береді. Бұл тұқымның бірегей генетикалық қасиеттерін және аймақтың мәдени мұрасын сақтау, тұқымның сапасы мен сипаттамаларын жақсартуға бағытталған селекциялық бағдарламаларды дамыту. Сондай-ақ, елімізге халықаралық туристер тарту және халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндіктері, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.