Ақтауда Қамысбай Төлекеұлының туғанына 300 жыл толуына орай қазақ күресінен республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстау Арена» спорт сарайында өткен қазақ күресінің турнирінде балуандар - 80 және аса ауыр салмақта сынға түсті. Республика бойынша әр өңірден келген балуандар бәсекесі аса тартысқа өтті.
Нәтижесінде - 80 келіде Азамат Күмісбаевқа Бәйімбет Тілеуұлы атындағы арнайы сыйлық табысталды. Жүлделі үшінші орын маңғыстаулық Бауыржан Жантөреевке бұйырып, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынғаБексұлтан Қартбай тұрақтап, 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық тапсырылды. Ал турнир нәтижесінде белгілі балуан Руслан Мұсаев жеңімпаз атанды. Оған қаржылай сыйлық ретінде 300 мың теңге берілді.
Аса ауыр салмақтағы балуандар бәсекесі де жанкүйерлер көңілінен шықты. Бұл сында төртінші орынға ие болған жамбылдық Ғалымжан Қырықбайға Бәйімбет Тілеуұлы атындағы арнайы сыйлық ұсынылды. Жүлделі үшінші орын атыраулық Сұңғат Закаряевқа бұйырып, 500 мың теңгеге ие болды. Турнирде финалға дейін жеткен қызылордалық Нұрым Сәлімгереев екінші орынды қанағат тұтты. Күміспе күптелген сыр бойынан келген спортшы 1 миллион теңгеге иелік етті. Ал алтын медальды Маңғыстау облысының өкілі Нұрдәулет Жарылғапов тағынды. Оған марапаттау рәсімінде 1 500 000 теңге салтанатты түрде табысталды.
Бұған дейін mangystaumedia.kz Ақтауда қазақ күресінен республикалық турнир басталғаны туралы жазған болатын. Турнирге бірнеше облыстан қырыққа жуық спортшы қатысты.