Ақтауда Қамысбай Төлекеұлының туғанына 300 жыл толуына орай қазақ күресінен турнир басталды деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
1722-1780 жылдар аралығында өмір сүрген айналасына қамқор, елге сыйлы, парасаттылық пен ынтымақтастық терең үлгісі болған тарихи тұлғаның мерейтойына орай өткен турнирге еліміздің әр өңірінен балуандар келіп қатысып жатыр. Олардың қатарында «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары Еламан Ерғалиев, Мақсат Исағабылов, Нұрдәулет Жарылғапов, Сұңғат Закарияев, Нұрым Сәлімгереев сынды спортшылар бар.
Қазақ күресінің айтулы додасында балуандар - 80 келі және аса ауыр салмақта сынға түседі. Оның ішінде 18 түйе палуан, жиырмаға жуық 80 келіге дейінгі салмақтағы балуандар өзара мықтыны анықтайды.
Турнирдің ашылу салтанында Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қамысбай атаның 300 жылдығына орай Ақтауда бірқатар мәдени іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Солардың бірі бүгін өткелі отырған қазақ күресінің турнирі. Екі түрлі салмақ дәрежесінде өткелі отырған сында күресетін балуандарға сәттілік тілеймін», - деді қала әкімі.
Жарыс кезінде сөз алған Қамысбай атаның ұрпағы бүгінгі мерейтойдың маңызын айта келе, балуандардың үшін нағыз тартысты дода болатын тілге тиек етті.
«Ата баба салтыменен ат бәйгесі, қазақ күресінен үлкен мереке өткелі отыр. Қазақ күресінен күресетін балуандарымыздың өнеріне қалың жанкүйер тәнті болады деген үміттемін. Бабамыздың асқаралы тойына орай ұйымдастырылған күрес додасының өзіндік мәні бар. Елдік пен руханияттың жаршысы болған атамыздың есімі ұрпақ жадынан ұмытылмайды», - деді «Сегіз арыс Адай» қоғамдық қорының төрағасы Данияр Аралбайұлы.
Турнир қорытындысы бойынша қос салмақ дәрежесінде 1 орын иегеріне 1 500 000 теңге, екінші орынға 1 000 0000 теңге, үшінші орынға 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталатын болады.