Ақтауда «Жасанды жартас – 2022» облыстық туристік сайысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған байқаудың мақсаты - жастардың туристік-спорттық дайындығын дамыту және туристік көпсайысты насихаттау болып отыр. Сайысқа жалпы білім беру ұйымдарының 20 білім алушысы қатысты. Ережеге сәйкес қатысушылар «Жылдамдық», «Альпинист», «Траверс» номинациялары бойынша сынға түсті.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша І орынды – Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT лицейінің «Жас сарбаз» тобы алды. ІІ орын – Жаңаөзен қаласындағы №18 жалпы білім беретін мектеп пен №24 мектеп-лицейінің «Жүйріктер» тобына, сонымен қатар Мұнайлы ауданындағы №10 жалпы білім беретін мектебінің «Жас қыран» тобына бұйырды.
Ал жүлделі ІІІ орынды Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің «Ақшұқыр» тобы мен Бейнеу ауданындағы Атамекен жалпы білім беретін мектебінің «Хан тәңірі» тобы өзара бөлісті.
Бұл сайыс облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталығы іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр.