Маңғыстау облысының бас полицейі қызметтік іссапармен Бейнеу ауданына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік органдардың қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, халыққа барынша жақын және олардың өтініштері қабылданып, тез арада заңды шешім қабылдану қажеттігін атап өткені белгілі. Осы орайда, 12 қазан күні Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаев Бейнеу ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімі де арнайы қатысты.
Жиынға қатысқан аудан тұрғындары полиция басшысына өз көкейлеріндегі сұрақтарын жолдап, жауаптарын алды. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар тарапынан айтылған көкейтесті мәселелер талқыланды.
Әсіресе тұрғындар тарапынан жиі қойылған сұрақтар бейнебақылау камералары мен жол-көлік оқиғасына себепші болатын төрт түліктің жайы жөнінде болды. Тұрғындардың ішінде аяқталған қылмыстық істерді қайтадан бастап, тергеу амалдарын жүргізуді сұрағандар болды. Аян Сабитұлы барлық мәселелердің шешім табуы өзінің жіті бақылауында болатындығын атап өтіп, Бейнеу ауданы Полиция бөлімі бастығына нақты тапсырмалар берді.
Ол аудан әкіміне әр елді-мекенде мал айдайтын орындардың болу қажеттігін ұсыныс ретінде айтып, мал қожалығы иелері жауапкершілікті сезініп, үй жануарларына жарық шағылыстырғыш ленталарды тағу қажеттігін жиынға қатысушы тұрғындардың қаперіне салды. Сондай-ақ, көпті мазалаған бейнебақылау мәселесі де сөз болды. Алдағы қараша айында ауданға 5 бейнебақылау камерасы қондырылатындығы да халық құлаққағыс ретінде айтылды.
Шара соңына аудан ақсақалдары сапармен келген өңірдің бас полицейіне тұрғындар атынан алғыс айтып, ризашылық білдірді.