Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Каспий» су тұщыту зауытында жаңа қондырғыларды орнату бойынша жасалып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 20 000-нан 40 000 текше метрге дейін арттыратын қондырғылар орнатылып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Қазіргі уақытта қалған техникалар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба биыл тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Өңір басшысы жобаны іске асыруды жеделдетіп, қондырғыларды сапалы түрде іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.