Ақтау әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Жаныңда жүр жақсы адам» байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марапаттау рәсіміне Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева, «Айрық» қоғамдық қорының директоры Ағлен Таласбаева және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Байқау «Маңғыстау облыстық жергілікті бастамалар орталығының» ұйымдастыруымен өткізілді. Байқауға қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері қатысты.
- Негізгі мақсаты - мемлекеттік қызметшінің мәртебесін көтеру. Байқау арқылы мемлекеттік қызметшілер өз жұмысы мен қабілеттерін көрсете білді деп есептеймін. Шараға қатысқан барлық мемлекеттік қызметшілерге алғысымды білдіремін, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
І орынды Ақтау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік жоспарлау секторы меңгерушісі Жанна Азан иеленді.
ІІ орынды Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бахтияр Мақсатов алды.
ІІІ орынмен Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Қасымжомарт Қадыржан марапатталды.