Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сала ардагерлері мекемелерге қызметке қабылданған жас мамандармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұндай іс-шаралар мекемеде қызмет етуге тұрақты уәждемені қалыптастыру, жаңа жұмыс орнында бейімделу кезеңінен сәтті өту мақсатында өткізіледі.
Кездесуге ардагерлер кеңесінің төрағасы Досымбек Бегалиев, кеңес мүшелері Теймур Гашимов, Жасталап Басаров, Серікбек Мұхаметқалиев, Серікқазы Бисенғали және Андранник Нирсесян келді.
Ардагерлер жастармен өз жұмыс тәжірибесінен қызықты мысалдармен, жоғары кәсібилік көрсетуді талап ететін жағдайлар мен қызықты оқиғалармен бөлісті. Сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуға да аса назар аударылды. Тәлімгерлер Маңғыстау аумағында орналасқан пенитенциарлық мекемелердің даму тарихы туралы айтып берді.
Жас қызметкерлермен кездесулер өз ісінің мамандары зейнетке шығып, өздерінің баға жетпес тәжірибесі мен білім қорын жаңа ұрпаққа бере отырып, тек қоғамның игілігі үшін жұмысын жалғастыратынын көрсетті.