Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша Абзал Құспанмен кездесу өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтау қаласындағы қолжетімді құқықтық көмек» жобасы аясында өткізілді. Қатысушылар спикерге толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Тренингте спикер жеке соттық процестер, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңы, көші-қон туралы сұрақтарға жауап берді.
- Қазіргі таңда қоғамда халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру өзекті мәселелердің бірі. Себебі адамдардың алаяқтарға алданып, қаржы пирамидаларына қаражат салған фактілері бар. Жалпы заң саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келемін. Осы бағытта қала тұрғындарына өз құқығын қорғау үшін не істеу қажет екендігін түсіндірдім, - деді заңгер Абзал Құспан.
Кездесуге қатысқандардың бірі Үмітгүл Орынбаева тренингтен алған әсерімен бөлісті.
- Тренинг маған ұнады. Өзіме қажетті ақпарат және сұрақтарыма нақты жауап алдым. Қаламызда мұндай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деймін, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Үмітгүл Орынбаева.