Биыл жаз маусымы басталғалы Маңғыстауда 3 адам суға түсіп, мерт болды. Оның біреуі - бала. Теңізге батқан балаларға алаңдаушылық білдірген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аппараттық отырыста судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалауды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аймақта шомылуға тыйым салынған 10 және рұқсат етілген 41 орын бар. Оның ішінде 10-ы - коммуналдық жағажай.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұхановтың мәлімдеуінше, қазір облыста суға бату фактілердің басым бөлігі «Шора» және «МАЭК» каналдарында, 4 «а» шағынауданындағы «Тарасик» аймағында тіркелген. Бұл ретте ол шомылу маусымы кезеңінде халықтың қауіпсіздігін ұйымдастыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын баяндады.
Алайда үгіт-насихат пен патрульдеу жұмыстары тұрғындардың тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда суға түсуін тоқтатпай тұр. Әсіресе жасөспірімдер арасында жартастан суға секіруі жиілеген. Оған қоса шектен тыс сенімділік, ішімдік ішкен күйінде шомылу және балалардың қараусыз қалуы да қайғылы оқиғаға себеп болып отыр.
Жиын барысында Нұрдәулет Қилыбай жауапты мамандарға қайғылы жағдайдың алдын алуды, шомылу маусымындағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
- Адам қауіпсіздігі - бірінші орында. Сондықтан тұрғындар суға көп түсетін орындардағы жартасқа судан шығуға арналған баспалдақ орнату керек. Мұны қала әкімдігіне бір апта ішінде орындауды тапсырамын. Жоғарыда атап өткендей, мас күйінде суға шомылу салдарынан да қайғылы оқиғалар жиі болады. Жағажайларда ішімдік сатуға тыйым салу үшін жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті алгоритм жасақтауы қажет. Сондай-ақ, көлік бақылау инспекциясы жағажайлардағы су көліктерінің қауіпсіздігіне тексеріс жүргізуі тиіс, - деді Нұрдәулет Қилыбай.