Бүгін, 17 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен АҚШ Мемлекеттік департаментінің Жаһандық инфрақұрылымдық инвестициялар бойынша серіктестік (PGI) жөніндегі арнайы үйлестірушінің міндетін атқарушы Хелайна Матцаның кездесуі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейін ескеріп, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық ынтамақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Хелайна Матца Америка мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай кездесу барысында алдағы уақытта негізгі мақсат - шетелдік инвесторларды тартып, тәжірибесін алу арқылы Ақтау қаласын туристік орталыққа айналдыру екенін атап өтті.
- Өңір экономикасының басым бағыттарының бірі - көлік және логистика саласы. Бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Ал болашақта үлкен потенциалы бар бағыт - туризм. Бұл Мемлекет басшысының да жіті бақылауында тұр. Шетелдік инвесторларды тартып, шетелдің тәжірибесін алу арқылы Маңғыстау өңірін, әсіресе Ақтау қаласын туристік орталыққа айналдыру алдымызда тұрған мақсат. Өзіңіз айтып өткендей, бізде көлік логистикасының ғана емес, ауыл шаруашылығының да әлеуеті жоғары. Бұл бағытта да жұмыстар жүріп жатыр, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Айта өтейік, өңірге жұмыс сапары барысында Хелайна Матца Маңғыстау облысындағы «Құрық порты» ЖШС, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК», «КазАзот» және «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС жұмыстарымен танысты.