Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік гранты аясында әйелдерге арналған «Мен әйелмін - әлемнің анасымын» атты екі күндік тегін тренинг өтуде. Аталған шара 17-18 шілде күндері өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараны «Бала жолы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Тренингке энерготерапевт Шынар Әубәкірова, психотерапевт Саламат Момынова және 150-ге жуық қыз-келіншек қатысты. Шарада спикерлер қатысушылармен бірге өзіндік бағасын анықтауға арналған диагностикалық жұмыс, өкпе-реніштен арылу бойынша психокатализ техникасы мен медитативті жаттығулар жасады.
-Шара Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік гранты аясында өткізіліп отыр. Тренингтің мақсаты - аналардың отбасындағы рөлін нығайту, оларды өзін-өзі дамытуға және кәсіп ашуға бағыттау. Спикерлер қатысушыларға энергия және денсаулыққа, қаржылық жағдайға әсері жайлы айтып, энерготерапия туралы ақпарат берді. Тегін тренинг ертең де ұйымдастырылады, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Тренингке қатысқандардың бірі Рысгүл Есіркепова. Ақтау қаласының тұрғыны екі күндік тренингтен алған әсерімен бөлісті.
-Шара жоғары деңгейде өтті. Спикерлер әр әйелдің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Бала тәрбиесі жайлы да айтылды. Тренингке ертең де қатысамын, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Рысгүл Есіркепова.