Бүгін өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту, тұрғындардың өрттен зардап шегуі мен газдан улануының алдын алу бойынша комиссия отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында 2024-2025 жылғы жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында жүргізілетін өрт қауіпсіздігі шаралары туралы мәселелер қаралған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Александр Алексеевтің баяндауынша, өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша облыс аумағында тұрғын үйлерде 50 өрт тіркелген. Өрт салдарынан қаза тапқандар және жарақат алғандар жоқ.
- Өткен жылы тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында 116 мың тұрғынды қамтыған 28 мың аула аралау үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Апаттарды зерделей келе, тұрғын үйлерде өрттің пайда болуы, газға улану және жарылыстар көбінесе әлеуметтік осал топтарына жатқызылған халық арасында орын алуда, - деді Александр Алексеев.
Сондай-ақ, отырыс барысында Маңғыстау облысы аумағында өртке қарсы сумен жабдықтаудың жай-күйі мен газтехникалық инспекция мамандарының 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы баяндалды.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қала мен аудан әкімшіліктері өз деңгейінде көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, облыс аумағында дабыл қаққыш орнату жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай халыққа өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын жеткізу үшін ақпараттық түсіндірме жұмыстарын әлеуметтік желілерде кеңінен таратуды, сақтық шараларына арналған тексеру жұмыстарын сапалы орындауды тапсырды.
- Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, өміріне қауіп төндірмеу. Ол үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Өрт қауіпсіздігіне арналған ақпараттық жұмысты әлеуметтік желілерде таратып, күшейту керек,- деп қорытты Нұрдәулет Қилыбай.