Қызылтөбе ауылында мұғалімдер де “Таза Қазақстан” эко-кампаниясына қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
№18 орта мектеп биыл қыркүйекте ашылады. Осы мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Нұрмамедова мұндай іс-шаралар балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасын жасауға көмектеседі дейді.
- Білім ошақтарының маңайындағы тазалық пен тәртіп тек сыртқы келбетті жақсартуға ғана емес, сонымен қатар оқушылардың қоршаған ортаға деген құрметін арттыруға да септігін тигізеді, - деді директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Мұндай игі іс басқа мектептерде де жалғасты. Қызылтөбе ауылында алтыншы орта мектептің 80-ге жуық мұғалімі аумақты тазалауға шықты. Олар тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қоймай, ағаш та еккен.
«Республикалық эко кампания басталғалы мектебіміздің ұжымы барлық сенбіліктерге атсалысып келеді. Осы уақыт аралығында ұстаздарымыз 70-тен аса көшет отырғызды. Ұстаздар өз ісімен жас ұрпақты тазалыққа, тәртіпке шақыруы керек. Отанға деген сүйіспеншілік таза аула мен көшеден басталады. Сондықтан жаңа мектептің аумағын, жасыл желектерді ретке келтіруге келдік», - дейді №6 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дина Құлмаханова.