Ақтауда "Таза Қазақстан" акциясы басталғалы теңіз жағалауы, саябақтар, алаңдар, тіпті, теңіз түбі қоқыстан тазартылып жатыр. 10 тамыз күні өткен сенбілікке 3 мыңнан астам адам шығып, 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Барлығы 300 тонна қоқыс жиналып, шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Акцияға Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан бөлек Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу және Қарақия аудандары қосылды.
Эко белсенділер теңіз жағалауындағы сәулеттік мүсіндерді ретке келтіріп, бес шақырымдық жағалау аймағын қоқыстан тазартты.
- Теңіз түбінде шыны және пластик бөтелкелер, сондай-ақ, металл консервілер жиі кездеседі. Каспий теңізінің мөлдір суы тұрмыстық қалдықтарды алыстан анық көруге мүмкіндік береді. Мұндай акциялар тұрақты түрде өткізіліп тұруы керек деп ойлаймын, – дейді сүңгуір Жәнібек Ғазизов.
Сүңгуірлер жағаға құрал-жабдықтарын қойып, теңіз түбіне жиналған қоқыстан тазартты. Қоқыстар арасында пластик, сөмкелер және металл банкалар көп кездескен. Командир лейтенант, сүңгуір қызметінің аға нұсқаушысы Сайран Әбдікәрімов ҚР Әскери-теңіз күштерінде 9 жылдан астам қызмет етіп келеді. Ол әскерилердің мұндай әрекеттерді қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті.
- Үш сүңгуір шамамен 250 шаршы метр аумақты бөліп, әрқайсысы қоқыс жинады. Өткен жолы 10 сөмке жинаған едік, бұл жолы – 12. Мұндай шараларға әрқашан қуана қатысамын, өйткені теңіз таза болуы керек, – деді сүңгуір.