9 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен білім беру саласының мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық білім беру ұйымдарының басшылары бас қосқан кеңесте жаңа оқу жылына дайындық барысы, оқушылардың қауіпсіздігі, инклюзивті білім берудегі мәселелер талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның мәліметінше, жаңа оқу жылында 647 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ұйымдар желісі жекеменшік сектор есебінен өсуде, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10% артқан.
- 2024-2025 жылдары жаңадан ашылатын 25 мектепке 2 736 мұғалім қажет. Бұл мәселені шешу үшін үш ауысымда білім беретін мектеп оқушыларымен бірге 478 мұғалім жаңа мектептерге ауыстырылады және заң талаптары шеңберінде жаңадан 2 258 мұғалім қабылданады. 2024-2025 оқу жылында облыста әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға берілетін әлеуметтік көмек көлемі 43 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін көбейді.
Оған қоса колледж студенттердің шәкіртақысы 50% -ға артады. 100 мыңнан астам оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 8,1 млрд. теңге қаржы қарастырылды. «Мектепке жол» акциясы аясында құзырлы орган, меценат, кәсіпкерлер тарапынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек ұйымдастырылуда. Бүгінгі күні жергілікті кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 3000-нан астам оқушыға мектепке қажетті тауарлар, мектеп формасы, қаржылай көмек берілді, - деді Динара Жұмашева.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мектептердің бүгінгі ахуалына айрықша тоқталып, күн тәртібінде тұрған сұрақтарды сапалы, әрі тиімді шешу керегін айтты.
- Жаңа оқу жылының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Оқушылардың тамақтануына да аса мән берілу керек. Астың оқушыларға пайдалы, сапалы болуын қадағалаңыздар. Бұл – ешуақытта өзектілігін жоғалтпайтын талаптардың бірі. Маңғыстаулық балалардың дені сау, бәсекеге қабілетті, білімді азамат болып шығуына барлығымыз жауаптымыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиынға білім беру ұйымдарының басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері де қатысты. «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының өкілі Гүлбаршын Карабалина өңірдегі инклюзивті білім берудегі мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірді.