Бүгінде Ақтау қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл қызметті 150-ге жуық тұрғын пайдаланған.
Дайын құжаттарды жеткізу қызметі азаматтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Бұл қызмет түрі барлық Қазақстан өңірлерінде қолжетімді.
Құжат дайын болған жағдайда, қызмет алушыға 1414 нөмірінен дайын құжаттарды жеткізуді ұйымдастыру ұсынысы және нысанды толтыру сілтемесі бар SMS хабарлама жіберіледі. Қызмет алушы жеткізу мекенжайы мен байланысу нөмірін көрсетіп, жеткізу ақысын төлеуі қажет. Қызмет құны межелі жерге дейінгі қашықтыққа және қозғалыс жағдайларына қарай анықталады. Ал жеткізу уақыты мекен-жайына байланысты өзгереді.
Көрсетілетін қызметтерге жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды), жер учаскелеріне арналған құжаттарды мемлекеттік тіркеу, білім туралы құжаттарға апостиль қою, мұрағаттық анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқалары және басқа да жүзден астам қызметтер жатады.
Алайда, жеке куәлік, төлқұжат және жүргізуші куәлігі жеткізу қызметіне кірмейді.