Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қала аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың хабарландыру, жарнама мәтіндеріне кезекті зерделеу жұмыстары жүргізілді,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шара тұрақты түрде ҚР «Тіл туралы заңының» талаптарына сәйкестігін тексеру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып келеді. Зерделеу барысында заңнама талаптарын бұзған кәсіп иелеріне заң бұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша ұсыным хаттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
-ҚР «Тіл туралы заңының» талаптарына сәйкес хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпараттың мәтіні мемлекеттік тіл қазақ тілінде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде орналастырылады. Бөлім тарапынан мәтіндерді зерделеу жұмыстары ай сайын жүргізіледі. Кәсіпкерлерге осы тұрғыда тегін әдістемелік көмек көрсетіп, аударма мәселелерімен көмектесуге бөлім қашан да дайын, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айзанат Кенжеғұл.