Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті алда келе жатқан Наурыз мейрамымен баршаңызды құттықтап, мерекелеу кезінде жаппай улануға жол бермеу үшін гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес береді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Наурыз мейрамы кезінде дәстүрлі түрде үстелді алуан түрлі тағамдар ассортиментімен жабуға тырысады: көптеген ұлттық тағамдардан бастап салаттар және кремі бар кондитерлік бұйымдарға дейін толтырады. Алайда егер гигиена талаптары сақталмаса, онда мерекелік үстелде бас қосу тамақтан улануға алып келуі мүмкін.
Өнімдердің сақтау мерзімдері мен тұтыну уақытын сақтау қажет, шикі және дайын тағамдардың бірге сақталуына жол бермеу керек, ал сапасына кішкене күдіктенген болсаңыз, ол тағамды, әсіресе, кешегі үстелден кейін қалған тағамдарды пайдалануға болмайды. Ең үлкен қауіп төндіретін тағамдар: тауық етінен жасалған дайын тағамдар, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез бен қаймақ қосылған салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер (торттар, тәтті нандар).
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағам обьектілерін бақылау және қадағалау бөлімі кеңес береді:
1. Мерекелік үстелге дайын тағамдардың алдын ала қойылмауын және олардың қажетті температуралық режиммен сақталуын қадағалаңыз.
2. Мереке күндері көбінесе қоғамдық тамақтандыру объектілері мен сауда орындары көп мөлшерде кулинарлық, сондай-ақ, кремді кондитерлік өнімдер дайындап пісіреді. Осыған байланысты, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуына, оларды сақтау және іске асыру шарттарына назар аударыңыз.
3. Жеке гигиена туралы ұмытпаңыз, көшеде тамақ ішер алдында қолыңызды гигиеналық майлықтармен (салфетка) сүртіңіз.
4. Көшедегі демалыс орындарында болған кезде қарапайым гигиена ережелері ескерілмеген сауда орындарынан азық-түлік сатып алудан аулақ болыңыз.
«Сонымен қатар, мейрамханалар, дәмхана және азық-түлік дүкендердің басшыларынан уланудың алдын алу мәселелеріне көңіл бөлулерін сұраймыз. Персоналдар жеке гигиена ережелерін сақтау қажет және жұмысқа медициналық тексеріп-қараудан өткен қызметкерлер жіберілуі тиіс», - дейді өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағам обьектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Баян Төлеубердіқызы Сатқанбаева.