Мұнайлы ауданы №3 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнар Қадырбайқызы Мухаммедова республикалық “Үздік педагог-2023” аталымының иегері атанды. Ол Маңғыстау облысындағы мектептер арасында жалғыз жеңімпаз болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарға салтанатты түрде марапаттарын табыстады.
Республикалық байқау жеңімпаздары "Үздік педагог" куәлігін, "Үздік педагог" төсбелгісін және 3 450 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алды.
Гүлнар Қадырбайқызы 2013 жылдың тамыз айында Мұнайлы ауданы, Баянды ауылының №3 орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде қызметіне кіріскен. 14 жылдық еңбек тәжірибесінде облыстық, республикалық пәндік олимпиадаға, танымдық сайыстарға баптап қосқан шәкірттері жүлделі орындарға ие болып, нәтижелі еңбек етіп келе жатыр. Оқушыларынан бөлек, өзі де көптеген байқауда топ жарған.
Нәтижелі еңбегі үшін ҚР Білім және Ғылым министрінің «Алғыс хаты»; Маңғыстау облысы әкімінің «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі; Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы»; «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хатымен марапатталған.