Ақтаудағы 8 шағынаудан 17 үйдегі 1-қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде еден опырылып түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Үй иесінің айтуынша, еденнің опырылуына себеп – жертөледегі ескі құбырлар. Өйткені ол жерден үнемі иіс шығып, ылғал ауа мен бу байқалған.
Аталған оқиғаға қатысты үйге қызмет көрсетуші мекеме мамандары жауап берді. «Ақтау Рауан ЛТД» ЖШС басшысы Таңатар Жайбергеновтің айтуынша, оқиғадан 1 күн бұрын мекеме өкілдері аталған тұрғын үй жертөлесінде жұмыс істеген. Дегенмен ол кезде күдікті ешнәрсе байқалмаған.
-Үйдің едені түнде опырылды. Ертесіне мекеменің бір топ өкілдері барып, пәтерді тексердік. Үйдің едені ескі, иесі бұрын ағаш еденді алып тастаған. Стяжка құйып, кафельмен жасап қойған. Алайда опырылып түскен еден қалдықтары арасынан цемент байқамадық, тек қана құм болды. Еденді қалпына келтіру жұмыстарын толық жасап береміз,- деді Таңатар Жайбергенов.
Айта кетейік, оқиға болған көппәтерлі үйдің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Қызмет көрсетуші мекеме басшысы тұрғындарға үйді бұған дейін де күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныс білдірген екен. Дегенмен шығыс сомасының көптігінен қорықса керек, тұрғындар арасында қарсы шыққандар табылыпты. Қазіргі таңда әкімдік өкілдерімен бірлесіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
-Қалалық тұрғын үй инспекциясымен бірге жиналыс өткіземіз. Бұл үй ескі болғандықтан жөндеуден өткізу қажет. Қайтарымды несие есебінен жөндеуге ЖСҚ жасап, жөндеудің маңыздылығын тұрғындарға түсіндіреміз,- деді «Ақтау Рауан ЛТД» ЖШС басшысы.