Мұнайлы ауданы Батыр ауылының тұрғыны Құмар Нұрпейісованың қорасына бүгін тағы да қаңғыбас иттер шабуыл жасап, асыл тұқымды жиырма қойын қырып кетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шілденің 29-ы күні, осыдан 20 күн бұрын қаңғыбас иттер Нұрпейісованың Батыр ауылы Толқын 67 мекенжайында орналасқан қорасында 26 бас асыл тұқымды ешкісі мен 14 лағын қырып кеткен еді.
60 бас малынан айырылған жәбірленуші кем дегенде 11-12 миллион теңге шығынға баттым дейді. Ауыл тұрғыны 10 жыл бұрын Нұр капитал бағдарламасымен 6 миллион теңге несие алып, 15 ешкіден көбейткен малы иттің ауызында кетіп, әлі 800 мың теңгеге жуық борышы барын айтады.
Осыған дейін Нұрпейісованың малын қырып кеткенде Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаев жануарларды қорғау туралы заң шыққаннан бері бұл бағытта реттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, алайда зардап шеккен тарапты нақты қолдау шаралары әлі қарастырылмағанын айтқан еді.
Жәбірленуші атқарушы биліктен ешқандай қолдау жоғын айтады.
Құмар Нұрпейісова малын талап кеткен иттердің көше кезген қаңғыбас иттер екеніне сенбейді.
«Ол – иесі бар ит. Өйткені төрт ит қашқанда бір итті қорада ұстап қалдық. Овчарка аралас ит команданы түсінеді. Ит ататындар өзіне шақырғанда келді. Иттер өздері темір есігі бар қораға кіре алмайды, біреу кіргізіп жіберген болуы мүмкін» - дейді жәбірленуші.
Mangystaumedia.kz сайтының редакциясы Мұнайлы ауданы Полиция басқармасына, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қоңырау шалды, - тұтқаны көтермеді.