Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №43 қоныс колониясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері жазасын өтеушілермен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мақсаты - мекемеден босап шыққаннан кейін білім алу, кәсіп ашу бағытында қолдау білдіру. Шараға мекеме басшылығы, ҚАЖД бөлім басшылары, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Палатаның мүшесі Роллан Менеев кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері, оның ішінде «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», квоталанатын жұмыс орындары бағыттары бойынша кеңес берді. Сондай-ақ, мекемеден жазасын өтеп болып, бостандыққа шыққаннан кейін өз ісін бастағысы келетін азаматтарға өз тарапынан қандай да бір қолдау көрсететінін жеткізді.
- Осыдан бірнеше уақыт бұрын сотталып, кейін босап шыққан азамат бізге келіп, бизнес ашуға ниетін білдірді. 5 миллион теңге грант ұтып алды. Жаңа өмір бастауына себеп болды. Қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр, - деді Роллан Менеев.